Благотворительность — оказание бескорыстной (безвозмездной или на льготных условиях) помощи тем, кто в этом нуждается. Основной чертой благотворительности является свободный и непринуждённый выбор вида, времени и места, а также содержания помощи.
Таулар алыстаған сайын биіктей түседі
« НазадТаулар алыстаған сайын биіктей түседі
Алғаш еңбек жолын бастаған жылдар жайлы сыр сабақтағанда, алдымен адал еңбек нәрі мен өнегелі тәрбие үлгілерін бойымызға сіңірген ұлағатты ұстаздар туралы айтқан орынды секілді. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты сол азаматтар халқымыздың қаймағы іспетті тарихи ірі тұлға деңгейіне көтерілді. Солардың бірі әрі бірегейі ұлағатты ұстазым, естен кетпес асыл аға Тұрған Имирұлы Розахуновты ерекше атар едім.
1987 жылдың тамыз айында оқуды бітіріп, еңбек жолын бастап, үш жыл еңбек еткен Тараз қаласынан ата анамның қалауымен Жаркентке қайтып келіп, аудандық білім бөліміне қызметке орналастым.
Күздің жайма-шуақ бір күнінде кабинетке Тұрған Имировичтің өзі келіп тұр. Қал жағдай сұрасқаннан кейін, әңгімені төтесінен қойды:
-Бауырым, ертең жұмысыңды өткіз де, ауылға қайт, колхоз жастары сені қалап отыр, ұйымды басқаруың керек болып тұр. Оның үстіне Панфилов ауданындағы Калинин атындағы ұжымшарды отыз жылдан аса басқарған ардақты ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Билалов Имәр аканың да қалауы осы!
Ә дегенде жүрексінгенім рас, бірақ мектеп қабырғасынан-ақ, бірге қызмет істеуді армандаған Тұрғанжан акам өзі шақырып тұрғанына қатты қуандым. Халық бұл жаңалықты аса жылы шыраймен, ыстық ықыласпен қабылдады.
Тұрған аканың маған деген ықыласы ерекше болды. Мені өзіне қатты жақын тартатын. Оның Жібек Жолы бойындағы үйінде талай болып, Авагүл һәдәнің әткән шәйінің, мол дастарқанының дәмін татушы едік. Тұрған ака нағыз абыз ел ағасы, аса текті адам еді.
Тұрған Имирович керемет басшы, шебер ұйымдастырушы болатын. Ол кісінің туған жер, ел туралы әңгімелері өте қызықты болатын. Әріптестерін жақын тартып, өзіндей көретін. Әдемі әзілі, ұтымды юморлары қатар жүретін. Онда да ол өз орнымен, ретімен шебер айтылатын.
Тұрған ака өте мәдениетті, кішіпейіл, қарапайым еді. Жас мамандармен сөйлескенде баласы қатарлы болса да, ерекше ілтипатпен, көпшік қоя сөз айтатын. Онысы өзіне жарасып та тұратын. Шаруашылықтың қай саласы болсын, жастарды көбірек тартуға ынталы еді, кез келген жұмысты білекті түріп жіберіп өзі бастап беретін. Ал басшы білек сыбанып кіріссе кім қарап қалушы еді?!
Мұндай жайттар Тұрған аканың жанында журген кезімізде көп болды. Бүгінде аты аталған ұлағатты ұстаз арамызда жоқ. Ал бізге өнегелі тәрбие үлгілерін берген, туған жеріміздің дамуына, кәсіби білікті мамандар даярлау ісіне, еліміздің мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан сол бір асыл жан, халқымыздың аяулы азаматы туралы бүгінде аз айтылмайды. Десек те, ардақты аға тірі болса еліміздің өркендеуіне қыруар үлес қосар еді. Амал нешік, ендігі жерде, осындай кезеңдерде оның ғазиз есімін құрметпен атап-ескеріп, жылы лебіз білдірсек артық болмас. Алдыңғы толқынды кейінгі ізбасары еске алып, үлгісін өнеге етіп, дәстүр сабақтастығын көрсетіп отырса бұл кемдік емес, кемелдік дер едім. Өсер елдің баласы бірін бірі батырым дейді деген атам қазақтың қанатты сөзі осындайда айтылса керек.
Амантай Раев,
"Мейірім" Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан өнер академиясының мүше-кореспонденті.
Комментарии
Комментариев пока нет
Пожалуйста, авторизуйтесь, чтобы оставить комментарий.