Благотворительность — оказание бескорыстной (безвозмездной или на льготных условиях) помощи тем, кто в этом нуждается. Основной чертой благотворительности является свободный и непринуждённый выбор вида, времени и места, а также содержания помощи.
Нашақорлық -қауіпті дерт
« НазадНашақорлық-аса қауіпті дерт
Нашақорлық мәселесі әлемдегі барлық мемлекеттерді толғандыратын аса өзекті әлеуметтік мәселе болып табылады.
Оның мемлекеттің басты конституциялық байлығы саналатын адамның санасын улаумен бірге денсаулығы мен болашағына да балта шабатыны анық. Осы жаман әдетке мемлекетіміздің болашағы саналатын жасөспірімдердің көптеп ден қойып, әуестеніп кеткені қоғамымызда алаңдаушылық туғызып отырғаны заңды құбылыс.
Тәуелсіз қазақ мемлекеті есірткіге қарсы күресте халықаралық жобалар мен заңнамаларды және өз мемлекетіміздің заңнамаларын басшылыққа алады. Есіркіге қарсы күресте халықаралық оперцияларды ұйымдастыру, трансұлттық есірткі таратушы арналарды жою, қылмыстық топтардың жолын кесу мақсатындағы шараларды да жүзеге асырып келеді. Қазақстан жеріне бұрыннан таныс емес жаңа, өте күшті әсер ететін психотроптық заттардың, синтетикалық каннабиноитардың әкелінуі, шегетін қоспалардың ароматикалық құрал ретінде интернет-дүкендер арқылы кеңінен сатылуы орын алып отырғаны да шындық.
Есірткілердің заңсыз айналымының түрлі әдістермен жүзеге асырылуы да құқық қорғау органдарының жұмыстарына жаңа қиындықтар туғызуда. Соның нәтижесінде нашақорлық қылмыстарының да саны артып отыр. Кептірілген шөптерден, синтетикалық заттар мен олардың прекусорларын жеке пайдалану және оларды тарату жолдары жастар арасында кеңінен таралып, осылай ақша табудың жеңіл һәм тиімді жолына айналды. Қоғамды меңдеген осы қауіпті дертпен күрестің тиімді болуы үшін осы міндетті тек құқық қорғау, медициналық және өзге де құзырлы мекемелерге ғана тән деген қасаң түсініктен бәріміз арылып, әрбір ата-ана өз отбасында, мектептерде, барлық деңгейдегі оқу орындарында, жергілікті жерлерде жасөспірімдерге бұл дерттің оның денсаулығына, жарқын болашағына өлшеусіз зиян келтіретінін, түрлі қылмысқа себепкер болатынын кеңінен, сауатты түрде түсіндірулеріміз һәм бүкіл қоғам болып осы әлеуметтік дертке кешенді күрес жүргізуіміз керек деп есептеймін.
Жастардың тәуелділігін арттыратын хош исі бар, шегу нәтижесінде адамды гипер-белсенді қалыпқа түсіретін аса зиянды электронды шылымдардың қолданысқа кеңінен енгізілуі жастармыздың болашағына балта шауып жатыр десек артық айтқандық емес. Электронды темекімен ұсталған жас жеткіншекке айыппұл алынып, болашағына кедергі келтіретін «қара тізімге» алынатынын да алдын ала ескерткеніміз жөн. Есірткіге қарсы күрес жүргізетін құзырлы органдар «Психикалық денсаулық орталығымен», барлық деңгейдегі білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, сонымен бірге көпшілік ортада да жастарымызды салауатты өмір салтын ұстануға, қазақтың әлемге үлгі салт-дәстүрін құрметтеп ұстануға, адал еңбек етуге шақыратын жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып отырғаны дұрыс болар еді. Мектептердегі құқықтық тәлім-тәрбиені дамытуға арналған ментор қызметінің енгізілуі өз нәтижесін береді деуге әбден болады. Сонымен бірге жасөспірімдерге сапалы білім берумен бірге құқықтық тәрбие беру мәселесінде практик-заңгерлерді іс-шараларға кеңінен тарта отырып жасөспірімдерге нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күрес стратегиясына қоғамда әлеуметтік имунитетті қалыптастыруға да білім беру мекемелерінің басшылары көп көңіл бөлулері қажет. Сонымен бірге барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары мен өзге де мемлекеттік мекемелерде нашақорлыққа бейім, қызығушылығы барларды дер кезінде анықтап оларды жаман дағдылардан арылту үшін бірлесе жұмыс жүргізуіміз өз игі нәтижесін беретінін де жете түсінгеніміз абзал. Кейде күйзеліске түсіп, қысым көру нәтижесінде одан шығар жол таппаған, оң мен солын ажырата алмаған жастар осы жолға түсіп кетіп жатады.
Иран, Сингапур, Қытай, Тайланд, АҚШ мемлекеттерінің заңнамаларында есірткіні сатқаны үшін өлім жазасы белгіленсе, Бельгия, Ирландия, Англия мемлекеттерінде есіркі қылмыстары үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Осы мемлекеттермен салыстырсақ нашақорлықтағы басты қылмыс-есірткі қолдану мен тасымалдаушыларға заңнамалық шараларымыз әлсіз деуге болады. Осы бағыттағы заңнаманы күшейтуіміз керек деп есептеймін.
Қорыта айтқанда нашақорлық адамның өз-өзіне алдын ала көр қазуы, басына ойда жоқта саналы түрде пәле тауып алу әрекеті деуге болады. Нашақорлық сияқты аса қауіпті дертке ұшырататын, есірткілік, психотроптық зиянды заттарға тәуелділікке әкеп жеткізетін зиянды әдеттерден жас жеткіншектеріміздің аулақ болғаны абзал болар еді. Жастар біздің мемлекетіміздің болашағы, өміріміздің жалғасы-ұрпағымыз болғандықтан оларды тек нашақорлық емес, өзге де кез келген зиянды әрекеттерден сақтаудың шараларын алдын ала қарастырғанымыз дұрыс болады деп есептеймін.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
«Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер Одақтарының мүшесі»,
«Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ заңгері
Комментарии
Комментариев пока нет
Пожалуйста, авторизуйтесь, чтобы оставить комментарий.